Жұбанов университеті Petroleum Experts (Petex) компаниясынан маңызды бағдарламалық жасақтама сыйға алды
Мұнай-газ кен орындарын оңтайландыруға арналған озық инженерлік бағдарламаларымен халықаралық деңгейде танылған Эдинбургте орналасқан Petroleum Experts Limited (Petex) компаниясы Жұбанов университетіне IPM бағдарламалық кешеніне арналған білім беру лицензияларын тегін сыйға тартты. Сыйға берілген бағдарламалардың жалпы коммерциялық құны £2,662,347.63 (1 788 000 000 теңге) құрайды.
Пакетке толық IPM Suite бағдарламалары — PROSPER, GAP, PVTP, MBAL, REVEAL және RESOLVE лицензиялары кіреді. Бұл құралдар ұңғыма моделдеу, кен орнын талдау және өндіруді оңтайландыру бағыттарында дүниежүзілік өнеркәсіп пен академиялық ортада кеңінен қолданылады.
Заманауи индустрияда қолданылатын цифрлық құралдарды пайдалану студенттердің техникалық құзыретін арттырып, ғылыми-зерттеу жобаларын қолдауға және энергетика саласындағы кәсіби қызметке жан-жақты дайындалуына мүмкіндік береді.
Бұл қолдау Жұбанов университетінің білім беру әлеуетін арттырып, мұнай инженериясы бағытындағы оқытуға озық цифрлық технологияларды енгізуге жол ашады.
Жұбанов университеті инженерлік білім беруді дамытуға қосқан үлесі және қолдауы үшін Petroleum Experts (Petex) компаниясына алғыс білдіреді.