Ашық коммуникация мен тұрақты қолдауға негізделген кешенді механизм
Маңызды әлеуметтік институт ретінде университет академиялық білім беру және ғылыми-зерттеу қызметімен қатар, білім алушылармен ашық коммуникация орнатуға және олардың психологиялық жай-күйлерін назарда ұстауға ерекше мән береді. Осы үдерісте менторлық жүйенің қызметі айрықша рөл ойнайды.
Осыған орай университет ректоры Лаура Қарабасова менторлармен кездесу өткізді. Кездесу барысында Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Нарқозы Қартжан менторлық жүйенің жұмысы, негізгі бағыттары, қол жеткізген нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы есеп берді.
Ректор өз сөзінде менторлардың тәрбие және қолдау жүйесіндегі маңызын атап өтіп, университет тарапынан олардың кәсіби дамуы мен мансаптық өсуіне тұрақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар менторлық қызметті тиімді жүзеге асыруда үздіксіз даму мен тәжірибе алмасудың өзектілігіне тоқталып, менторлардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
2023 жылы университетте менторлық жүйе енгізіліп, қазіргі уақытта ол білім алушыларға академиялық, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған кешенді механизм ретінде жүзеге асырылуда.