Жұбанов университеті мен Миннесота университеті бірлескен зерттеу орталығын іске қосты
Жұбанов университеті мен АҚШ-тың Миннесота университеті (University of Minnesota) арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан бірлескен жоба – Халықаралық зерттеу құзыреттіліктерін дамыту орталығы өз жұмысын бастады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – елімізде барлық деңгейдегі зерттеушілерді қамтитын және қолдайтын орнықты ғылыми экожүйе қалыптастыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметінің институционалдық негіздерін күшейту.
Курсқа қатысушылар Жұбанов университеті мен Миннесота университеті тарапынан іріктелді, бұл бағдарламаның академиялық сапасы мен мазмұнына қойылатын жоғары талаптарды көрсетеді. Курс барысында заманауи ғылыми зерттеу әдіснамасы, деректерді талдау және интерпретациялау, академиялық жазылым, Scopus және Web of Science деректер базасында индекстелетін ғылыми жарияланымдар әзірлеу, халықаралық ғылыми жобалар мен гранттық бағдарламаларға қатысу тетіктері сияқты өзекті бағыттар қамтылады.
Оқу курсы «train the trainer» («оқытушыларды оқыту») моделі негізінде ұйымдастырылған. Аталған тәсілге сәйкес бағдарлама тыңдаушылары теориялық және практикалық зерттеу дағдыларын меңгергеннен кейін еліміздегі өзге зерттеушілерге әдістемелік қолдау көрсетіп, тәлімгерлік қызмет атқаратын болады.