Басты бет > Халықаралық байланыстар > Еуропа Одағы өкілдігімен кездесу: халықаралық жобаларға жаңа серпін
4
Еуропа Одағы өкілдігімен кездесу: халықаралық жобаларға жаңа серпін

Қазақстандағы Еуропа Одағы Өкілдігінің Ынтымақтастық жөніндегі басшысы Йоханнес Баур Жұбанов университетіне жұмыс сапарымен келді. 

Сапар аясында ол университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетімен, халықаралық академиялық серіктестік байланыстарымен және заманауи инфрақұрылымымен танысып, білім алушылармен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен Erasmus+ және Horizon бағдарламаларының мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. Аталған бағдарламалардың академиялық ұтқырлықты дамытудағы және ғылыми-инновациялық жобаларды қолдаудағы маңызын атап өтті.

Бұл бағытта Erasmus+ бағдарламасы аясында 27 студент Литва, Испания, Польша мемлекеттерінде педагогика, жаратылыстану және техникалық бағыттар бойынша білімін жетілдірді. Бұл университеттің халықаралық білім кеңістігіндегі белсенділігі мен  стратегиялық әріптестік байланыстарының тұрақты дамуын айқындайды. 

Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігінің оқу жөніндегі бағдарлама үйлестірушісі Алпамыс Асабаев Horizon ғылыми-зерттеу және инновациялық бағдарламасы аясында гранттық қаржыландыруға қол жеткізу тетіктерін түсіндіріп, өтінім беру кезеңдері мен талаптары туралы ақпарат берді. Йоханнес Баур өз сөзінде Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы стратегиялық серіктестіктің академиялық байланыстар арқылы одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. 

Кездесуге қатысқан «Ғылым және инновация» корпоративтік қорының өкілдері халықаралық жобаларды іске асыруда және бірлескен ғылыми бастамаларды қолдауда қор тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.