Басты бет > Біз туралы БАҚ > Жаңа Конституция жасампаздық пен жаңашылдықты қолдайды
4
Жаңа Конституция жасампаздық пен жаңашылдықты қолдайды

Студенттер сарайында «Жаңа Ата Заң және жалпыұлттық құндылықтар» тақырыбында облыс жастарының қатысуымен TEDx форматында ашық форум өтті. Форумға түрлі салада табысқа жетіп, қоғам өміріне белсенді араласып жүрген спикерлер қатысты.

 Олардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, сондай-ақ халық қалаулылары мен студент жастар болды.

Шараның басты мақсаты - конституциялық реформаның мазмұнын жан-жақты түсіндіру, оның ел дамуына ықпалын көрсету, мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған өзгерістерді кеңінен талқылау және жастардың азаматтық белсенділігін арттыру.

Жолдас Батырхан өз сөзінде конституциялық реформаның негізгі бағыттарына тоқталып, ел алдында тұрған тарихи шешімнің маңызын атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған жалпыхалықтық референдумның мәніне тоқталып, жаңа Конституция қабылдау уақыт сұранысынан туындаған қажеттілік екенін жеткізді.

«Әр мемлекеттің өз бағыты мен бағдары, Ата Заңы болады. Ол бізде де бар. Алайда заман ағымына сай заң да жаңарып отыруға тиіс. 1995 жылы қабылданған Конституцияда цифрлық дәуірдің шындығы, киберқауіпсіздік, әлеуметтік желілердің ықпалы туралы ұғымдардың болуы мүмкін емес еді. Ал бүгінде әрқайсысымыздың қалтамызда шағын компьютер — смартфон жүр. Цифрлық кеңістікте пайда да, қауіп те бар. Кибербуллинг сияқты жаңа ұғымдар пайда болды. Сондықтан жаңа Конституция жобасында цифрлық қауіпсіздік, неке мен отбасы, азаматтық жауапкершілік секілді маңызды бағыттар қамтылған», — деді Жолдас Батырхан.

Былтырғы жылдың 5 қарашасында бекітілген ішкі саясат қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарға тоқталған спикер үш негізгі ұстанымды айқындап берді.

«Біріншісі — Тәуелсіздік пен отаншылдық. Бұл — баршаға ортақ құндылық. Жаңа Конституцияда “Тәуелсіздік”, “Егемендік” ұғымдарының айрықша мәнмен жазылуы да соның дәлелі.

Екіншісі — бірлік пен ынтымақ. Қазақ “бір күн ұрыстың қырық күн кесірі бар” дейді. Ынтымақ бар жерде береке бар. Жаңа Конституция татулық пен тұтастықты басты тірек ретінде айқындайды.

Үшіншісі — Заң мен тәртіп. Заңға бағыну, қоғамдық тәртіпті сақтау әр азаматтың бұлжымас қағидасына айналуға тиіс», — деген Жолдас Батырхан еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық мәселесіне де кеңінен тоқталды.

 Бүгінде Қазақстан цифрлық даму көрсеткіштері бойынша әлемдегі озық елдердің қатарында екенін атап өтіп, жастардың инновациялық жетістіктерін мысалға келтірді.

 Форумда сөз алған Лаура Қарабасова конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде Ата Заң жобасының ашық әрі кеңінен талқыланғанын, білім мен ғылымның енді жай ғана сала емес, стратегиялық басымдыққа айналатынын ерекше атап өтті.

 «Еліміз бойынша 23 мың ғылыми қызметкер, 47 мың профессор-оқытушы, 9 мыңнан астам докторант және 700 мыңға жуық студент бар. Бұл — білімді жоғары бағалайтын елдің зор әлеуеті. Ата Заңдағы білім мен ғылымның құндылығы тек осы қауымдастық үшін емес, бүкіл халық үшін маңызды. Бұл, шын мәнінде, халықтық өзгерістер», — деген Лаура Қарабасова жастарды алдағы референдумға белсенді қатысып, реформаның мәнін айналасына дұрыс түсіндіруге шақырды.

 Сондай-ақ форум барысында облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағанбетов, журналист Әлия Әшім, «Orda FM» радиосының директоры Әйкерім Есенәлілер сөз алып, конституциялық реформаның құқықтық және қоғамдық қырларына тоқталды.

Ақтөбе облысы әкімдігі