Басты бет > Жаңалықтар > Жаңа Ата Заң және жалпыұлттық құндылықтар
4
Жаңа Ата Заң және жалпыұлттық құндылықтар

Университетте еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар республикаға танымал журналистер, саясаттанушылар мен заң саласы өкілдерінің қатысуымен жастар форумы өтті.

TEDx форматында өткен форумның басты тақырыптары жаңа Конституцияның негізгі бағыттарын түсіндіру және жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. 

800-ден астам облыс жастарын бір алаңға тоғыстырған жиында облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан жаңа Конституция заман талабы екенін айтып, азаматтық жауапкершілік пен ұстаным, неке мен отбасы, цифрлық қауіпсіздік секілді маңызды бағыттарға тоқталды. 

Басқарма төрағасы-ректор, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Лаура Қарабасова жаңа Конституция жобасында стратегиялық бағыт ретінде танылған білім, ғылым, инновацияны мемлекеттік қолдаудың еліміздің білім беру саласы үшін маңызын түсіндірді.

“Жаңа құжат жастардың жарқын болашағы үшін жасалған құжат, онда сіз бен біздің құқықтарымыз қазақ тілінде жазылып, айқын көрсетілген” - деді “AMANAT” партиясы жанындағы Жастар Рухы Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.

Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев жаңа Ата заңның құқықтық және қоғамдық маңызын талқылады. 

“Болашақ” бағдарламасының түлегі, журналист, документалист Әлия Әшім жетістікке жету жолындағы табандылық пен жауапкершіліктің ықпалын нақты мысалдармен көрсетті. 

“Orda FM” радиосының директоры, саясаттанушы Айкерім Есенәлі құқықтық сауаттылықты арттырудың, әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттарға фактчек жасаудың маңызын атап өтті. 

Форум жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, жаңа Конституция жобасының мазмұнын тереңірек түсінуге және жалпыұлттық құндылықтарды жаңаша көзқараспен зерделеуге мүмкіндік берді.