Басты бет > Жаңалықтар > Білім. Мамандық. Болашақ: кәсіби бағдар берушілер форумы
4
Білім. Мамандық. Болашақ: кәсіби бағдар берушілер форумы

Жұбанов университетінде кәсіби бағдар берушілерге арналған республикалық форум өтті. Шара аясында кәсіби бағдар беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, мектеп пен жоғары оқу орындары арасындағы сабақтастықты күшейту, еңбек нарығы сұранысына сай мамандар даярлау, цифрлық құралдарды тиімді пайдалану бағытында ұсыныстар айтылды. 

Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев мамандық таңдаудың маңызы мен шекті балдар туралы тың ақпарат бөлісті. 

ҰТО ресми серіктесі, IT жобалаушы, педагог Айдос Жұманазар жасанды интеллект дәуірінде кәсіби бағдар берудің ерекшеліктеріне тоқталды. 

JASTAR.ONLINE парақшасының авторы Жасұлан Қуандық талапкер таңдауының мемлекеттің интеллектуалдық ресурсының дамуына тигізетін әсерін атап өтті. 

JOO High School мектептік кеңес беру қызметінің басшысы Диас Асанов кәсіби бағдар берудегі ата-ана мен мектептің ықпалы және оқушының мамандық таңдаудағы жауапкершілігі туралы баяндады. 

Профориентолог эксперттердің менторы Жанымнұр Мұратбекова сала мамандарына жеке бренд қалыптастыру және эксперттілікті дамыту жолдарын бөлісті. 

Денсаулық және салауаттылық орталығының жетекшісі Анна Гниденко кәсіби бағдар беру жұмысында оқушының психологиялық және әлеуметтік жай-күйіне назар аударудың маңызын түсіндірді. 

Астана, Алматы, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан және Ақтөбе облысының аймақтарынан келген 500-ден астам қатысушы-кәсіби бағдар беруші мамандар практикалық кейстермен танысып, тәжірибе алмасу сессияларына қатысты.