Референдум нәтижесі: ғылыми және қоғамдық көзқарас
Университетте референдум нәтижесі мен жаңа Конституцияның стратегиялық бағыттарын талқылауға бағытталған ғылыми кеңес өтті. Жиынға Ақтөбе облысының ғылыми қауымдастық өкілдері мен университеттің профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар қатысты.
Ректор Лаура Қарабасова мемлекет тарапынан ғылым мен білім саласына көрсетіліп отырған жүйелі қолдау жоғары білім беру жүйесінің сапасын арттыруға, ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейтуге және инновациялық жобаларды тиімді іске асыруға кең мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.
Аталған қолдаудың нәтижесінде университетте ғылыми инфрақұрылым жаңғыртылып, халықаралық ынтымақтастық аясында бірлескен зерттеулердің ауқымы кеңеюде. 2024 жылы инженерлік бағыттардағы ғылыми-зерттеу және жобалау қызметін дамыту мақсатында Академиялық және зерттеу артықшылықтары орталығы ашылды. Ал 2025 жылдың желтоқсан айында ашылған Миннесота университетімен бірлескен Халықаралық зерттеу құзыреттіліктерін дамыту орталығы ғылыми кадрларды даярлау мен халықаралық зерттеу жобаларын дамытуға жаңа серпін берді.
Ғылыми кеңес барысында профессор-оқытушылар құрамы жаңа Ата заңның қоғамдық тұрақтылықты нығайтудағы, демократиялық институттарды дамытудағы және елдің ұзақ мерзімді стратегиялық дамуын қамтамасыз етудегі маңызын ерекше атап өтті.
15 наурыз күні өткізілген референдумда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті қызметкерлері мен 18 жасқа толған білім алушылары азаматтық ұстанымдарын білдіріп, ел болашағы үшін өз таңдауын жасады.
Жиын қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция еліміздің орнықты дамуына негіз болатын маңызды құжат екендігін атап өтіп, ғылым мен білім саласындағы мемлекеттік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз ету Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты тетіктерінің бірі екенін жеткізді.