Жапон ғалымының дәрісі: Қазақ хандығының сыртқы саясатына жаңа көзқарас
Ректор Лаура Қарабасова Токио шетел тілдері университетінің Азия және Африка тілдері мен мәдениетін зерттеу институты директорының орынбасары, профессор Джин Ноданы қабылдады. Кездесу барысында тараптар ғылыми-зерттеушілік бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Джин Нода өз кезегінде университет кітапханасына жапондық тарихшы-шығыстанушы Масатомо Кавамотоның «Rashīd al-Dīn Faḍl Allāh Hamadānī – Jāmi‘ al-Tawārīkh» шежірелер жинағы мен көрнекті тарихшы-зерттеуші Дүйсенәлі Әбділәшімұлының Токиода жарық көрген «Елдік феномен: Қазақ хандығының Цин патшалығына жолдаған бірегей дипломатиялық құжаттары туралы тарихи-деректанулық зерттеу» кітабын сыйға тартты. Аталған еңбектер университеттің ғылыми-ақпараттық ресурстарын байытып, отандық және шетелдік зерттеушілер үшін құнды дереккөз болмақ.
Сапар аясында профессор Тарих және география факультетінің профессор-оқытушылар құрамы және білім алушыларымен кездесу өткізіп, «XVIII–XIX ғасырлардағы Қазақ хандығының Ресей және Цин империяларымен қарым-қатынасы» тақырыбында дәріс оқыды. Дәріс барысында қазақ-қытай дипломатиялық байланыстарының қалыптасу кезеңдері, Қазақ хандары мен сұлтандарының Шығыс дипломатиясындағы стратегиялық рөлі, сондай-ақ халықаралық қатынастар жүйесіндегі тарихи үдерістер жан-жақты талданды.
Дәрістің ғылыми-танымдық деңгейін арттыру мақсатында профессор сирек кездесетін картографиялық материалдар мен бірегей мұрағаттық деректерді кеңінен пайдаланды. Бұл өз кезегінде білім алушылардың тарихи деректерді кешенді қабылдауына және ғылыми пайым жасау дағдыларын дамытуға ықпал етті.