Басты бет > Ғылым және инновация > Ғылыми әлеует: инновациялық жобалар және коммерцияландыру
4
Ғылыми әлеует: инновациялық жобалар және коммерцияландыру

Аппарат жиынында университеттің ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, инновациялық бастамаларды жүйелі қолдау тетіктері және зерттеу жұмыстарының экономикалық тиімділігі жан-жақты талқыланды. Жиында ғылыми нәтижелердің сапасын арттыру, зерттеулердің практикалық маңызын күшейту және ғылыми инфрақұрылымды тиімді пайдалану мәселелеріне назар аударылды.

Ғылыми-зерттеу қызметі департаментінің директоры Захира Нугаева университеттің ғылыми әлеуеті мен даму бағыттарына талдау жасап, ғалымдар мен білім алушылар арасындағы сабақтастықты нығайту, жас зерттеушілерді қолдау, сондай-ақ гранттық қаржыландыруға ұсынылатын жобалардың сапалық талаптарын күшейту мәселелері жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған курстар мен оқыту бастамаларының маңызы атап өтілді.

Коммерцияландыру және стартаптар департаментінің директоры Нұрбек Дуймуханов университет ғалымдарының өндіріс орындарымен бірлескен жұмыстары туралы мәлімет ұсынды. Оның айтуынша, “КазЭнергоМашЭкология” және “ПакерKZ” кәсіпорындарымен бірлесіп университет зерттеушілері гранттар алды және олардың ғылыми ұсыныстары мен технологиялық шешімдері нақты өндірістік үдерістерде іске асырылып жатыр. Бұл бағыт ғылыми нәтижелерді практикамен ұштастырып, олардың экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Heriot-Watt кампусының көшбасшысы Жадыра Махметова кампустағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының ұйымдастырылу үдерісіне тоқталды. Кампус қолданбалы және іргелі зерттеулерді дамытуға, заманауи зертханалық инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және білім мен ғылымның өзара ықпалдастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Осы бағытта ғылыми жобаларды өңірлік өндіріс орындарымен бірлесіп жүзеге асыру, зерттеу нәтижелерін оқу үдерісіне енгізу және инновациялық әзірлемелерді өндірістік тәжірибеге бейімдеу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, KazakhOil Aktobe компаниясымен бірлескен зерттеу жұмыстарының әдістері мен ғылыми негіздемелері туралы ақпарат берілді.

Жиын қорытындысында университеттің ғылыми-зерттеу қызметін жетілдіру, ғылыми нәтижелердің практикалық құндылығын арттыру және инновациялық экожүйені дамыту бағытында нақты тапсырмалар белгіленді.