Басты бет > Жаңалықтар > Стратегиялық даму және имидждік саясат
4
Стратегиялық даму және имидждік саясат

Ғылыми кеңестің кезекті отырысында күн тәртібіне сәйкес стратегиялық және имидждік бағыттағы өзекті мәселелер қаралды. Жиынға ғылыми кеңес мүшелері, құрылымдық бөлімше басшылары және жауапты қызметкерлер қатысты.

Университет қызметінің 2025 жылға арналған стратегиялық жоспарлау индикаторларының орындалу барысы бойынша Басқарма мүшесі, стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректор Дастан Хусаинов баяндама жасап, негізгі көрсеткіштердің орындалу деңгейін кешенді түрде ұсынды. Баяндамада ғылыми зерттеулер мен инновациялық әзірлемелердің тиімділігін дамыту және арттыру, интернационалдандыру және халықаралық ынтымақтастық, жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде үйлесімді дамыған тұлға тәрбиелеу бағытындағы көрсеткіштер қамтылды. 

Баспасөз хатшысы–ресми өкіл Ербол Шыма  университеттің жағымды имиджін қалыптастырудағы ресми интернет-ресурстартың белсенділігі туралы есеп беріп, ресми сайт пен цифрлық платформалардың ақпараттық саясаттағы рөліне тоқталды. Есепте интернет-ресурстың мазмұндық сапасын арттыру, пайдаланушыларға қолайлы интерфейс қалыптастыру, жаңалықтар ағынын жүйелеу және аудиториямен кері байланысты күшейту бағытында атқарылған жұмыстар көрсетілді. Сонымен қатар, университеттің қызметі туралы ақпаратты кеңінен тарату, ашықтықты қамтамасыз ету және заманауи цифрлық құралдарды тиімді пайдалану мәселелері жан-жақты талданды.

Сондай-ақ, ғылыми кеңес аясында биология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Роза Изимоваға қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы дипломы және Айгерим Танкеева, Гүлдана Наурызбайқызы, Айнур Кущановаға философия докторы (РhD) дәрежесі дипломы табысталды. 

Жиын қорытындысында қаралған мәселелер бойынша пікір алмасу өтіп, ұсыныстар енгізілді. Ғылыми кеңес мүшелері ұсынылған есептерді назарға алып, көрсеткіштерді одан әрі жетілдіру, сондай-ақ университеттің ақпараттық және имидждік саясатын күшейту бағытында нақты міндеттер айқындады.