Басты бет > Ғылым және инновация > Ғылым айы: жас ғалымдарға арналған тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктер
4
Ғылым айы: жас ғалымдарға арналған тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктер

Ғылым айы аясында ғылыми-зерттеу қызметінің тиімділігін арттыруға, гранттық әлеуетті дамытуға және жас зерттеушілердің кәсіби құзыреттерін жетілдіруге бағытталған бірқатар қонақ дәрістері өткізілді.

Білім беру саясаты және жоғары білім саласының халықаралық деңгейдегі зерттеушісі, Канададағы Калгари университетінің Werklund School of Education факультетінің қауымдастырылған профессоры Алия Кужабекова «Халықаралық және ұлттық гранттар: идеяны жүзеге асырудан жеңіске дейін» тақырыбында семинар өткізді. Семинар барысында қатысушыларға халықаралық және отандық гранттық жобалардың негізгі түрлері таныстырылып, гранттық қаржыландырудың ерекшеліктері жан-жақты түсіндірілді. Спикер әртүрлі бағдарламаларға өтінім беру жолдарын нақты тәжірибелік мысалдар арқылы көрсетті. Сонымен қатар, гранттық конкурстарға қатысу кезеңдері, ғылыми идеяны қалыптастырудан бастап оны толыққанды жобаға айналдыру үдерісі талқыланды. Қатысушыларға өтінім құжаттарын сапалы әзірлеуге қатысты практикалық ұсынымдар берілді.

Heriot-Watt University халықаралық кампусының деканы, философия докторы (PhD) Жадыра Махметова «PhD Research Seminar Series» аясында «Knowledge Management for Researchers» тақырыбында баяндама жасап, ғылыми зерттеулерді тиімді ұйымдастыру және білімді басқару тәжірибесімен бөлісті. Баяндамада зерттеу процесін жүйелеу, ақпаратты тиімді пайдалану және ғылыми нәтижелердің сапасын арттыру тетіктері қарастырылды.

Миннесота университетінің постдокторанты Жұлдыз Аманкуловамен бірлесіп «Effective time-management for PhDs, early career researchers» тақырыбында өткен семинарда ғылыми ортадағы уақытты басқарудың негізгі қағидалары ұсынылды. Спикерлер PhD докторанттары мен жас зерттеушілердің ғылыми жұмысын тиімді жоспарлау, басымдықтарды дұрыс айқындау және зерттеу мен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, ұзақ мерзімді мақсаттарды қысқа мерзімді міндеттерге бөлу, дедлайндармен жұмыс істеу стратегиялары және алаңдататын факторларды азайту тәсілдері талқыланды.

Аталған қонақ дәрістері мен семинарлар кешені қатысушылардың ғылыми-зерттеу қызметін жүйелі ұйымдастыру дағдыларын жетілдіруге, гранттық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және зерттеушілердің кәсіби біліктілігін арттыруға оң ықпал етті.