Мемлекеттік қызметке жол: студенттер мен жауапты сала өкілдері бас қосты
Мемлекеттік қызмет саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту және жас мамандарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту мақсатында университеттің Тарих және география факультетінде диалог алаңы ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Жазықбай Дархан Медеғалиұлы, университет ректоры Лаура Қарабасова, облыс әкімінің орынбасары Әбдікәрімов Абзал Әлиұлы, сондай-ақ өңірдің мемлекеттік қызметшілері мен бітіруші түлектер қатысты.
Диалог алаңында мемлекеттік қызметтің ел дамуындағы стратегиялық маңызы, ашықтық пен тиімділік қағидаттары, сондай-ақ кәсіби біліктілік пен жауапкершіліктің рөлі жан-жақты талқыланды. Жас кадрлардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі үлесіне ерекше назар аударылды.
Дархан Жазықбайдың айтуынша, биыл Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік қызметке қабылданған 62 жас түлектің 24-і Жұбанов университетінің түлегі. Бұл дерек оқу орнының өңірдегі білікті кадр даярлаудағы нақты үлесін көрсетеді.
2016 жылдан бері Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті бастамасымен университет базасында Мемлекеттік қызмет мектебі жұмыс істейді. Бұл алаң студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға және мемлекеттік қызметке бейімделуіне мүмкіндік беріп келеді. Сонымен қатар университет пен департамент арасындағы меморандум аясында студенттер жыл сайын мемлекеттік органдарда өндірістік тәжірибеден өтеді.
Шара барысында қатысушылар мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, кадрлық іріктеу талаптары және кәсіби даму мүмкіндіктері бойынша сұрақтарына нақты жауап алды.