Математикалық білім және логикалық пайым: XVIII Республикалық пәндік олимпиада
27-28 сәуір күндері ҚР жоғары оқу орындарының «Математика» білім беру бағдарламаларының білім алушылары арасында XVIII Республикалық пәндік олимпиада өткізілді. Іс-шарада еліміздің 19 жетекші жоғары оқу орнынан келген үздік студенттер бас қосып, олардың математикалық білім деңгейі, логикалық ойлау қабілеті және күрделі есептерді шешу дағдылары бағаланды.
Олимпиада барысында қатысушылар жоғары деңгейдегі математикалық есептерді орындап, аналитикалық ойлау және шешім қабылдау жылдамдығы бойынша өз дайындықтарының сапасын көрсетті.
Сонымен қатар, аталған кезеңде алғаш рет I Республикалық «Математикалық тартыс» интеллектуалдық сайысы ұйымдастырылды. Бұл командалық форматтағы жарысқа еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген 11 команда қатысып, олар командалық өзара әрекеттесу, жылдам ойлау, логикалық пайымдау және математикалық дәлелдеу мәдениеті бағыттарында өзара сайысқа түсті. Аталған формат студенттердің академиялық білімін ғана емес, сонымен қатар коммуникациялық және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аталған олимпиадалар жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-академиялық байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және жас зерттеушілердің шығармашылық әлеуетін арттыруға септігін тигізді.