Басты бет > Жаңалықтар > Академиялық кеңістік: білім, ғылым және халықаралық интеграция
4
Академиялық кеңістік: білім, ғылым және халықаралық интеграция

Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өткізіліп, онда білім беру, ғылыми және академиялық қызметтің өзекті мәселелері қаралды. Жиын барысында Стратегиялық және халықаралық даму департаментінің директоры Ақерке Аяғанова университеттің халықаралық білім беру кеңістігіндегі интернационализациялау үдерісінің қазіргі жағдайы туралы баяндады. Баяндама шеңберінде халықаралық академиялық әріптестіктерді институционалдық деңгейде кеңейту, білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамыту, сондай-ақ шетелдік білім алушыларды тарту стратегиясын жетілдіру бағыттарындағы қол жеткізген нәтижелер мен негізгі стратегиялық басымдықтар нақтыланды.

2025–2026 оқу жылында университетке Түркия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Қытай Халық Республикасы, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Египет, Канада және Польша елдерінен барлығы 24 шетелдік ғалым шақырылды. «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы аясында 9 оқытушы АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланд және Түркия мемлекеттерінде біліктілігін арттыруда. Erasmus+ бағдарламасы шеңберінде 1 оқытушы Польша Республикасында тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар, 2025–2026 оқу жылында академиялық ұтқырлық шеңберінде университетте білім алатын шетелдік студенттер саны 99 адамды құрады. Ал 2023–2025 жылдар аралығында университетте білім алған шетелдік азаматтардың жалпы саны 171 адамға жетті.

Ғылыми кеңес аясында, Басқарма мүшесі, Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова 2026-2027 оқу жылына арналған педагогикалық жүктеменің мөлшерін және академиялық күнтізбені бекіту туралы құжаттарды таныстырды. Басқарма мүшесі, Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров 2025–2026 оқу жылының қысқы қабылдауы бойынша докторанттардың диссертациялық зерттеу тақырыптарын бекіту жөнінде баяндама жасады.

Сондай-ақ, Ғылым қызметкерлерінің күніне орай бірқатар профессор-оқытушылар Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды. Ғылым айы аясында жаратылыстану және гуманитарлық бағыттары бойынша ұйымдастырылған «Жыл үздігі» байқауының жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен сертификаттар табысталды.