Мансаптық көпір: бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Университетте түлектерді жұмыспен қамтуға және жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Іс-шараға мемлекеттік органдар, өндірістік мекемелер, білім беру және қаржы ұйымдары, жеке сектор субъектілері, сондай-ақ облыстың 12 ауданының әкімдік аппараттары мен мансап орталықтары қатысып, түлектерге кадрлық сұраныс пен бос жұмыс орындары туралы кешенді ақпарат ұсынды. Аудан өкілдерінің қатысуымен өткен кездесулер аясында өңірлік еңбек нарығына интеграциялану мүмкіндіктері, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының тетіктері, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының мазмұны мен іске асырылу шарттары түсіндірілді.
Жалпы саны 1500-ге жуық түлек қамтылған жәрмеңке қорытындысы педагогикалық бағыттар бойынша математика, физика, химия, информатика пәндерінің мұғалімдеріне, бастауыш білім беру педагогтеріне және инклюзивті білім беру мамандарына сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Педагогикалық емес салаларда қаржы-экономика, құқық, инженерлік-техникалық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және қызмет көрсету секторлары бойынша білікті кадрларға қажеттілік анықталды.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі түлектер мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді әлеуметтік әріптестікті дамытуға, түлектердің еңбек нарығына бейімделуін арттыруға, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге және өңірдің кадрлық әлеуетін нығайтуға оң ықпал етті.