Басты бет > Жаңалықтар > «Ғылымға қадам»: Мұғалжар ауданында жаңа форматтағы жоба бастау алды
4
«Ғылымға қадам»: Мұғалжар ауданында жаңа форматтағы жоба бастау алды

Өткен жылғы табысты тәжірибеге сүйене отырып, «Ғылымға қадам» жобасы биыл кеңейтілген ауқымда және жаңартылған мазмұнда қайта іске қосылды. Жобаның басты мақсаты – мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, олардың ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту.

Бұл бастамаға алғашқылардың бірі болып қолдау білдірген Мұғалжар ауданы пилоттық алаң ретінде таңдалды. Ауданның ауылдық және қалалық мектептерінде қызмет ететін педагогтар жобаның негізгі қатысушыларына айналып отыр.

Жаңартылған формат аясында мұғалімдерге арналған гибридтік үлгідегі арнайы курс ұйымдастырылмақ. Курстың теориялық бөлігі онлайн және офлайн форматтарды ұштастырса, практикалық кезеңі жоғары оқу орны базасында өтеді. Бұл кезеңде қатысушылар тәжірибелі зерттеуші-оқытушылардың жетекшілігімен өздерінің алғашқы ғылыми жобаларын әзірлеуге мүмкіндік алады.

Жоба басталар алдында педагогтардың кәсіби қажеттіліктері мен даму бағыттарын анықтау мақсатында арнайы зерттеу жүргізілген болатын. Талдау нәтижелері мұғалімдер арасында ғылыми қызметке деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Осы деректер негізінде Қандыағаш қаласындағы №3 орта мектепте өткен кездесуде жобаның жаңа форматы таныстырылып, аудан педагогтарының қолдауына ие болды.

Ауданға жұмыс сапары барысында Басқарма Төрағасы – Ректор Лаура Қарабасова арнайы барып, жоба аясындағы кездесулерге қатысып, педагогтармен пікір алмасты. Сонымен қатар магистрлер қауымдастығымен кездесу өтіп, өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Қауымдастық мүшелерінің басым бөлігі – университет түлектері. Осыған байланысты жоба аясында олардың кәсіби дамуын жалғастырып, білімін жетілдіруіне жағдай жасау көзделіп отыр. «Өмір бойы білім алу» қағидаты негізінде әдістемелік және кәсіби қолдау көрсету – негізгі басымдықтардың бірі.

Жоба шеңберінде өңір педагогтарына университеттің зертханалық базасын, инклюзивті білім беру кабинеттерін және кітапхана ресурстарын бірлесіп пайдалану мүмкіндігі ұсынылды. Бұл өз кезегінде мұғалімдердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізуіне ықпал етпек. «Ғылымға қадам» жобасының жаңа форматтағы пилоттық кезеңі Мұғалжар ауданында бастау алып, өңір педагогтарының ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамға айналып отыр.