Басты бет > Жаңалықтар > Көрнекті ғалым Мұхтар Арынға арналған тұңғыш монография жарық көрді
4
Көрнекті ғалым Мұхтар Арынға арналған тұңғыш монография жарық көрді

Көрнекті ғалым, педагог, қоғам қайраткері Мұхтар Арынның 90 жылдық мерейтойына орай өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалымға арналған «Мұхтар Арын: ұлттық құндылықтар және тәрбие тұтастығы» атты тұңғыш монография таныстырылды. 

Қайраткердің тағылымды ғұмыры мен еңбегі ұлықталған шараға облыстық басқарма басшылары, университет басшылығы,  қоғам қайраткерлері мен ғылыми қауымдастық өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ отбасы мүшелері мен шәкірттері қатысты.

Мұхтар Арын – тіл мен дінді, тарих пен дәстүрді, туған жерді қазақтың тірегі, ұлттық руханияттың бес асылы деп белгілеп, білім мен тәрбие жүйесіне бар ғұмырын сарп еткен ойшыл ұстаз. 

Еңбекте Мұхтар Арын идеяларының халықтық педагогикамен сабақтастығы, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі орны, тәрбие үдерісіндегі маңызы кеңінен қарастырылған. Сондай-ақ профессор мұрасын жоғары оқу орындарының білім беру үдерісінде тиімді пайдалану бағыттары мен оның еңбектерінің қазіргі тәрбие жұмыстары мазмұнындағы көрінісі ғылыми негізде зерделенген.

Монография ғалымның ғылыми-педагогикалық мұрасын насихаттауға, ұлттық тәрбие құндылықтарын дәріптеуге және жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға бағытталған маңызды еңбек ретінде бағаланды.