Ақтөбеде «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламалары бойынша ақпараттық кездесулер өтті
«Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламаларын түсіндіру жұмыстары Қазақстан өңірлерінде жалғасуда. Кезекті ақпараттық кездесулер елдің батыс өңірі – Ақтөбе қаласында ұйымдастырылды.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілдері шетелде білім алуға және ғылыми тағылымдамадан өтуге қызығушылық танытқан Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ғылыми қызметкерлерімен, оқытушыларымен, докторанттарымен, резиденттерімен және жоғары курс студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында Zhubanov University-дің стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректоры, Басқарма мүшесі Дастан Сақтағанұлы Хусаинов сөз сөйлеп, қатысушыларды университеттің миссиясы мен негізгі даму бағыттарымен таныстырды.
Өз кезегінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Еркінбаев пен Еуропа және Азия басқармасының бас менеджері Аида Әнуар Орталық жүзеге асыратын бағдарламалар туралы өзекті ақпарат ұсынып, құжат тапсыру тетіктері, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері және конкурстық іріктеудегі негізгі өзгерістер жөнінде баяндады.
Сонымен қатар қатысушылар университет базасында жұмыс істейтін Heriot-Watt University инженерлік орталығында болып, шетелдік ғалымдар және сарапшылармен пікір алмасты.
Ақпараттық кездесудің келесі алаңы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті болды. Орталық өкілдерін стратегиялық даму, жобалық басқару, халықаралық ынтымақтастық және цифрландыру жөніндегі проректор Е.М. Изтлеуов пен оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Н.А. Абенова қабылдады.
Кездесу барысында болашақ медицина мамандарына арналған «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылып, сұранысқа ие медициналық бағыттар бойынша білім алу мен кәсіби тағылымдамадан өту жолдары кеңінен түсіндірілді.
Айта кетейік, бүгінде Ақтөбе облысынан «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламалары бойынша білім алып жатқан елуден астам стипендиат бар. Ал аталған бағдарламалар аясында оқуын тәмамдап, бүгінде өңірде еңбек етіп жүрген түлектер саны алпысқа жуық. Олар әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында білім алып, кәсіби тәжірибе жинақтаған.
bolashak.gov.kz