Басты бет > Жаңалықтар > Ғылыми кеңесте тәрбие жұмысының нәтижелері қорытындыланды
4
Ғылыми кеңесте тәрбие жұмысының нәтижелері қорытындыланды

Ғылыми кеңестің кезекті отырысында университеттің әлеуметтік және жастар саясатының жүзеге асырылу мәселелері қаралды. Жиын барысында Басқарма мүшесі, Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Нарқозы Қартжан 2025–2026 оқу жылында атқарылған тәрбие жұмыстарының нәтижелері, әлеуметтік бастамалардың тиімділігі және мемлекеттік идеологиялық басымдықтардың университеттің тәрбие кеңістігімен интеграциялануы туралы мазмұнды баяндама жасады. Баяндамада білім алушылардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, құқықтық мәдениетін арттыру, әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету және жастардың құндылықтық бағдарларын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілгені атап өтілді.

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында құқық қорғау органдары өкілдері және менторлар институтының бірлесе жүргізген профилактикалық жұмыстары нәтижесінде білім алушылар арасындағы құқықбұзушылық көрсеткішінің төмендеуі тіркеліп, университеттің қауіпсіз әрі қолайлы әлеуметтік-психологиялық ортасын қалыптастыруға оң ықпал еткені айқындалды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде университет қауымдастығының белсенді қатысуымен 2500 тоннаға жуық қағаз қалдықтары тапсырылып, 6500 тонна пластик қайта өңдеуге жіберілді. Сондай-ақ, 8500 шаршы метр аумақ жерге санитарлық тазалу жұмыстары жүргізіліп, 200 түп ағаш отырғызылды.                    

Сонымен қатар, 30 студенттік клуб пен ұйымның қызметі білім алушылардың университет ортасына бейімделуіне, олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және жан-жақты дамуына ықпал ететін тәрбие жұмысының маңызды әрі тиімді үлгісі ретінде танылды. 

Ғылыми кеңес қорытындысында жүргізілген әлеуметтік және тәрбие жұмыстарының тиімділігі сараланып, жастар саясатының институционалдық тетіктерін жетілдіру, білім алушылардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың басым бағыттары белгіленді.