Синьцзян қаржы-экономикалық университетімен ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Университет жанындағы Конфуций институтының Алқа мәжілісі өтті. Мәжіліске Басқарма мүшелері, Қытай Халық Республикасынан келген Синьцзян қаржы-экономикалық университеті делегациясы және Конфуций институтының қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында Конфуций институтының 2025 жылғы мамыр мен 2026 жылғы мамыр аралығындағы қызметінің нәтижелері қорытындыланып, 2026–2027 оқу жылына арналған жұмыс жоспары таныстырылды.
Кездесу аясында екі университет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Тараптар студенттер мен оқытушылардың тәжірибе алмасуын кеңейту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, магистратура мен докторантура деңгейіндегі ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ, «2+2» бірлескен білім беру бағдарламасын іске асыру бағытында өзара келісімге келді.
Алқа мәжілісінде қабылданған шешімдер Конфуций институтының қызметін жетілдіруге және Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететіндігі атап өтілді.