Басты бет > Хабар > Жас зерттеушінің еңбегі әлемдік ғылыми басылымда жарияланды
4
Жас зерттеушінің еңбегі әлемдік ғылыми басылымда жарияланды

Университет магистранты Дильназ Конбаеваның «Mpox-Related Knowledge, Risk Perception, and Vaccination Willingness among University Students in Aktobe, Kazakhstan: A Cross-Sectional Study» атты ғылыми мақаласы халықаралық деңгейдегі беделді Vaccines ғылыми журналында жарияланды. Аталған басылым Web of Science деректер қорында индекстелетін және вакцинация, иммунология және қоғамдық денсаулық сақтау салаларындағы өзекті зерттеулерді жариялайтын жетекші рецензияланатын журналдардың бірі.

Зерттеу жұмысы Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орындарының 482 студентін қамтып, олардың Mpox (маймыл шешегі) инфекциясы туралы білім деңгейін, ауру қаупін қабылдау ерекшеліктерін және вакцинацияға дайындығын бағалауға бағытталған.

Зерттеу нәтижелері студенттердің инфекциялық аурулар туралы ақпараттану деңгейі мен вакцинацияға көзқарасы қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігіне тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі екенін көрсеткен. Сонымен қатар, жастар арасында вакциналық сауаттылықты арттыру болашақта туындауы мүмкін инфекциялық аурулардың таралуына қарсы дайындықты күшейтудің маңызды алғышарты екені анықталған.

Ғылыми еңбек қоғамдық денсаулық сақтау, профилактикалық медицина және инфекциялық аурулардың алдын алу бағыттарындағы зерттеулерді дамытуға елеулі үлес қосып, Қазақстан жастарының денсаулық мәдениетін жетілдіруге қатысты маңызды ғылыми деректер ұсынады.

Дильназ Қонбаеваның ғылыми жұмысы биология кафедрасының доценті, PhD, вирусология және иммунология саласының зерттеуші ғалым Арман Исимовтың жетекшілігімен орындалды. Ол жұқпалы аурулар мен қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін зерттеу бағытында жазылған бірқатар ғылыми еңбектердің авторы.

Бұл жетістік университетіміздің ғылыми-зерттеу қызметінің қарқынды дамуын айқындап, жас ғалымдардың халықаралық ғылыми қауымдастықтағы белсенділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің жоғары деңгейін көрсетеді.