Басты бет > Халықаралық байланыстар > Халықаралық тәжірибеге жол
4
Халықаралық тәжірибеге жол

2026-2027 оқу жылының бірінші жартыжылдығында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдік серіктес жоғары оқу орындарында бір семестр білім алуға жолдама алған студенттермен кездесу өтті.

Кездесуде ректор Лаура Қарабасова академиялық ұтқырлықтың білім алушылардың кәсіби және тұлғалық дамуына, халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануына, сондай-ақ жаһандық академиялық тәжірибе мен мәдениетаралық коммуникациялық құзыреттерді қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, бағдарлама қатысушыларына алдағы оқу кезеңінде сәттілік тілеп, сертификаттарын табыстады. 

Академиялық ұтқырлық бағдарламасына іріктеу конкурсына 134 білім алушы өтінім тапсырды. Іріктеу нәтижесінде оқу үлгерімі жоғары, ғылыми-зерттеу, шығармашылық және спорттық байқауларда жетістікке жеткен, сондай-ақ университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысатын 62 білім алушы шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Бағдарлама қатысушылары Польша, Әзірбайжан, Беларусь, Өзбекстан, Литва, Қырғызстан, Италия, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Латвия және Грузия мемлекеттерінің жетекші жоғары оқу орындарында білім алады. Олардың қатарында университетпен жаңадан әріптестік байланыс орнатқан Тонгмён университеті (Корея Республикасы), Балтық халықаралық академиясы (Латвия Республикасы), М. Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті және Беларусь мемлекеттік экономикалық университеті (Беларусь Республикасы) бар.

2025-2026 оқу жылында 107 білім алушы академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде Испания, Литва, Түркия, Польша, Малайзия, Грузия, Өзбекстан, Қытай, Әзірбайджан және Қырғызстан елдерінің жоғары оқу орындарында білім алып, халықаралық академиялық тәжірибе жинақтады.