Педагогикалық қызметке жол ашатын сертификаттар табысталды
Постдипломдық педагогикалық білім беру-қайта даярлау курсының тыңдаушыларына сертификаттар табысталды. 2025–2026 оқу жылында курсқа қатысқан 58 тыңдаушы 8 білім беру бағдарламасы бойынша оқуды сәтті тәмамдап, тиісті біліктіліктерін растады.
Тыңдаушыларға сертификаттарды Басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының аға оқытушысы Зауре Кашкенова табыстады.
Қайта даярлау курстары Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес тиісті бейін бойынша педагогикалық қызметті алғаш рет жүзеге асыратын, педагогикалық білімі жоқ, бірақ кәсіптік білімі бар тұлғалар үшін «Информатика», «Физика», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Шетел тілі: екі шетел тілі», «Тарих», «Биология», «Химия», «Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау» білім беру бағдарламалары бойынша өткізілді.
Бағдарлама мазмұны психологиялық-педагогикалық модульдер мен педагогикалық практиканы кіріктіре отырып әзірленді. Оқу үдерісі барысында тыңдаушылар заманауи білім беру технологияларын, пәндерді оқытудың инновациялық әдістерін меңгерді.
Курс нәтижесінде тыңдаушылар педагогикалық қызметті жүзеге асыруға қажетті теориялық білімдерін тереңдетіп, практикалық тәжірибелерін жетілдіру арқылы кәсіби біліктілік деңгейін арттырды.