Жұбанов университеті Қытай университетімен ғылыми ынтымақтастықты нығайтты
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма мүшесі – ғылым және инновация жөніндегі проректоры Рахым Бекназаровтың Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің Партия комитетінің Бас хатшысы Чжоу Яуджымен ресми кездесу өтті.
Кездесу барысында Рахым Бекназаров Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің даму басымдықтары, ғылыми-зерттеу әлеуеті, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы бастамалары мен инновациялық жобалары туралы жан-жақты баяндап, оқу орнының алдағы стратегиялық мақсаттарын таныстырды.
Сапар қорытындысында екі университет арасында ғылыми-зерттеу және инновациялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған жаңа келісімге қол қойылды. Құжат бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және халықаралық ғылыми байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Синьцзян қаржы-экономикалық университеті басшылығы Рахым Ағыбайұлын қытайлық студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етіп, олардың академиялық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Шетелдегі үздік ғылыми жетекші» атағымен марапаттады. Бұл марапат – Жұбанов университеті ғалымдарының халықаралық деңгейдегі ғылыми жетекшілік қызметіне берілген жоғары бағаның айқын көрінісі.
Аталған кездесу екі жоғары оқу орны арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып қана қоймай, Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін береді.