Жұбанов студенті – халықаралық олимпиада жеңімпазы
Красноярск қаласында (Ресей Федерациясы) Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі VI халықаралық олимпиада өтті. Олимпиада қорытындысы бойынша Жұбанов университетінің Экономика және құқық факультетінің 3-курс студенті Айшолпан Аманқосова «Құқықтану» бағыты бойынша І орын иеленді.
Халықаралық додаға 45-тен астам елден 700-ге жуық студент қатысты. Қазақстан құрамасы да Қаржылық мониторинг агенттігінің қолдауымен олимпиадаға қатысып, оның сапына Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық олимпиаданың жеңімпаздары енді.
Айшолпан Аманқосова — Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы, Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстанның 8 дүркін чемпионы, ҚР Кубогының 5 дүркін жеңімпазы, Әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері.
Айшолпан Аманқосова халықаралық олимпиаданың екі турындағы барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, жоғары нәтиже көрсетті.
Жеңімпаз студентімізді жетістігімен құттықтаймыз!