Жұбанов университетінің кітапханасы Қытайдың таңдаулы кітаптарымен толықты
Жұбанов университетінде «Жібек жолы кітап үйі — Қытай кітап сөресі» жобасының ашылу рәсімі өтті. Жаңа кітап сөресі Қытайдың тарихы, мәдениеті мен әдебиетін танытатын кітаптарды университеттің білім алушылары мен оқытушыларына қолжетімді етуге бағытталған.
Салтанатты іс-шараға Қытай Халық Республикасының Ақтөбе қаласындағы Бас консулдығының Бас консулы Гуо Юй, SINOPEC компаниясының Ресей және Орталық Азиядағы өкілдігінің бас өкілінің орынбасары Фан Сяннань, Жұбанов университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор м.а. Жайық Сұлтан және университет өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, жобаның білім беру және мәдени-гуманитарлық маңызын атап өтті. Сонымен қатар мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, SINOPEC компаниясы университет кітапханасының қорына Қытайдың тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен мәдени мұрасын қамтитын кітаптар топтамасын сыйға тартты.
«Жібек жолы кітап үйі — Қытай кітап сөресі» жобасы студенттер мен оқытушылардың Қытай туралы академиялық және танымдық әдебиеттерге қолжетімділігін кеңейтіп, білім беру және мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді. Іс-шара соңында қонақтар кітап қорымен танысып, университет қауымдастығымен пікір алмасты.