Қауіпсіз цифрлық орта – жауапты қоғам кепілі
«Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында Жұбанов университетінде «Қауіпсіз цифрлық орта – жауапты қоғам кепілі» атты облыстық форум өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру, киберқауіптерден сақтану мәдениетін қалыптастыру және қауіпсіз цифрлық ортаны дамытуға ықпал ету.
Форумға өңірдің жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Жиында Ақтөбе қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Темірлан Сыдықов, Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Жадан Бисенбин, Ақтөбе облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Жәнібек Шагиров және Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Санжар Жайлыбай сөз сөйледі.
Спикерлер цифрлық қауіпсіздік, интернет-алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алу, жеке деректерді қорғау және жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелерін қозғады. Сонымен қатар интернет кеңістігін қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану жолдары туралы маңызды ақпараттармен бөлісті.
Форум соңында студенттер сала мамандарына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.