Басты бет > Жаңалықтар > Малайзиялық ғалымдар Жұбанов университетінің басшылығымен кездесті
4
Малайзиялық ғалымдар Жұбанов университетінің басшылығымен кездесті

Жұбанов университетінің басшылығы Малайзияның Сұлтан Идрис атындағы педагогикалық университетінің профессорларымен кездесті.

Кездесуге Малайзияның Сұлтан Идрис атындағы педагогикалық университетінің Халықаралық ұтқырлық және жоғары білім беру орталығының (IMAC) өкілі, Есептеу техникасы және метатехнологиялар факультетінің профессоры Че Залина мен Музыка және орындаушылық өнер факультетінің профессоры Мухаммад Фазлы Таиб Саерани қатысты.

Малайзиялық ғалымдар Жұбанов университетіне Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық департаментінің ұйымдастыруымен шетелдік мамандарды тарту бағдарламасы аясында келді. Сапар барысында профессорлар кәсіби-шығармашылық факультетінің студенттеріне дәріс оқып, тәжірибе алмасуда.

Ректор м. а. Жайық Сұлтан шетелдік ғалымдарды университетке шақыру халықаралық білім беру мен ғылыми ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ, екі жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайтып, бірлескен бастамаларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында тараптар екі университет арасындағы ынтымақтастықты нығайту, академиялық ұтқырлық аясында студенттер алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу және білім беру саласындағы өзара байланысты кеңейту мәселелерін талқылады.