Басты бет > Жаңалықтар > Университет пен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлескен жобаларды жүзеге асырады
4
Университет пен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлескен жобаларды жүзеге асырады

Жұбанов университеті мен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат білім беру, ғылым және тәжірибе бағыттарындағы әріптестікті дамытуға, сондай-ақ еңбек нарығының сұранысына сай білікті мамандар даярлауға бағытталған.

Ынтымақтастық аясында бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламаларын іске асыру, сала мамандары мен сарапшылардың тәжірибе алмасуын ұйымдастыру, оқытушылар мен қызметкерлердің біліктілігін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар студенттерге арналған ғылыми конференциялар, семинарлар, тағылымдамалар мен өндірістік практикалар өткізу қарастырылған.

Серіктестіктің маңызды бағыттарының бірі – «Экономикалық қылмыстарды тергеп-тексеру» микробіліктілік бағдарламасы бойынша сабақтар ұйымдастыру. Бағдарлама білім алушыларға экономика саласы бойынша құқық бұзушылықтардың ерекшеліктерін түсінуге, оларды анықтау мен тергеп-тексеру тәсілдері туралы білім алуға және осы саладағы практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тәжірибелі мамандармен жұмыс істеу арқылы студенттердің кәсіби даярлығын жетілдіруге басымдық беріледі.

Бұдан бөлек, университеттің «Ақпараттық қауіпсіздік» және «Компьютерлік инженерия» білім беру бағыттарындағы студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы да бірлескен жобалар мен іс-шараларға тартылмақ.