«Мемлекеттің болашағы ғылымда»: Жұбанов университетінде Жолдаудың басым бағыттары талқыланды
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерді түсіндіруге арналған кездесу өтті.
Жиынға Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова, Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин және ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс қатысты. Кездесуге университеттің және Ақтөбе медициналық академиясының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
Кездесу барысында мемлекеттік саясаттың адам мүддесіне бағдарлануы, ғылымды қаржыландыру, ғылыми зерттеулердің тиімділігін бағалау және энергетика саласын дамыту мәселелері көтерілді.
Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова мемлекеттік басқаруда азаматтардың мүддесі мен қажеттіліктері басты назарда болуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, инфрақұрылымды және цифрлық экономиканы дамыту, сондай-ақ технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізу білікті мамандар даярлаумен және ғылыми әлеуетті арттырумен тығыз байланысты.
Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин ғылымды дамыту мен қаржыландыру мәселелеріне тоқталды. Ол ғылыми зерттеулердің нәтижелерін бағалау тәсілдерін жетілдіру және ғылыми қызметтің тиімділігін анықтау жүйесін қайта қарау қажеттігін айтты. Бұл мәселелер алдағы уақытта ғылыми қауымдастықпен кеңінен талқыланбақ.
ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс энергетика саласын цифрландыру, инженерлік әлеуетті арттыру және білікті техникалық мамандар даярлау бағыттарының маңызын атап өтті. Саланың жаңа технологиялық талаптарына сай кадрлық әлеуетті қалыптастыру мәселесіне назар аударды.
Жиынға қатысушылар салалық басымдықтар бойынша пікір алмасып, ғылым мен жоғары білімнің ел дамуына қосатын үлесін талқылады.