Жолдаудың басым бағыттары талқыланды
«Әділет» партиясының өкілдері Жұбанов университетінің студенттерімен «Bir Tolqynda» жобасы аясында кездесті. Кездесуде Жолдауда айқындалған негізгі басымдықтар талқыланып, ел дамуының маңызды бағыттары мен жастарға берілетін мүмкіндіктер туралы айтылды.
Іс-шараға партияның облыстық филиалының төрағасы Қазыбек Әлішев, қалалық филиалының төрағасы Анар Даржанова, университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нарқозы Қартжан және «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әлішер Тыныштық қатысты.
Қазыбек Әлішев өз сөзінде Жолдауда көтерілген «Халықтық құрылыс» бағдарламасына, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға, өңірлік инфрақұрылымды жетілдіруге және білім сапасын арттыруға бағытталған бастамаларға тоқталды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарының өңір тұрғындары, әсіресе балалардың денсаулығын сақтау тұрғысынан маңыздылығына назар аударды.
Анар Даржанова жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы мен жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануының маңызын түсіндірді. Ол заманауи технологияларды меңгеру, білім мен кәсіби құзыреттерді жетілдіру, тың бастамаларды жүзеге асыру жастардың болашақта бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жол ашатынын атап өтті.
Кездесу барысында сондай-ақ, цифрлық экономика жағдайында сұранысқа ие дағдыларды меңгеру, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді пайдалану және жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуы мәселелері де талқыланды.