Жұбанов университеті Өзбекстанмен ғылыми және академиялық байланыстарды нығайтады
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында «Орталық Азия – білім, ғылым және инновациялардың жаңа кеңістігі» атты Халықаралық білім беру форумы өтті. Басқосу өңірдегі біртұтас білім беру және ғылыми кеңістікті дамытудың перспективаларын талқылау мақсатында мемлекеттік органдардың, академиялық қауымдастықтың және халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді.
Іс-шараға Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның білім және ғылым министрліктерінің басшылары, Қазақстан мен Қырғызстанның вице-министрлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми мекемелердің өкілдері, сондай-ақ Түркия, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Ресей, Польша, Грузия, Әзербайжан, Үндістан, Пәкістан және басқа да мемлекеттерден келген сарапшылар мен мамандар қатысты.
Форум аясында мемлекетаралық және университетаралық ынтымақтастықтың өзекті бағыттары қарастырылды. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, дипломдар мен біліктіліктерді өзара тану, аккредиттеу тетіктерін жетілдіру, ғылыми зерттеулер жүргізу және гранттық қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ сарапшылар білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу, оқыту мен ғылыми қызметте жасанды интеллект құралдарын қолдану, жоғары білім сапасын арттыру және университеттердің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін нығайту жолдарына тоқталды.
Форум аясында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Ферғана мемлекеттік университеті арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған маңызды келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, екі университет бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруды көздейтін меморандумға қол қойды. Құжатқа Ферғана мемлекеттік университетінің ректоры Баходиржон Шермухаммадов пен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров қол қойды.
Жұбанов университеті Өзбекстанның жоғары оқу орындарымен академиялық және ғылыми байланыстарды жүйелі түрде дамытып келеді. Бүгінде университет көршілес елдің 25-тен астам жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу институтымен серіктестік орнатқан. Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – ғылыми кадрлар даярлау. Қазіргі уақытта докторантура бағдарламалары бойынша 20 докторант білім алуда.