Басты бет > Жаңалықтар > Экологиялық мәдениет – таза болашақтың негізі
4
Экологиялық мәдениет – таза болашақтың негізі

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында «Экологиялық тәрбие – таза болашақ кепілі» тақырыбында танымдық кездесу өтті.

Университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға экология саласының мамандары қатысып, студенттермен қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің бас маманы, мемлекеттік экологиялық инспектор Гүлзат Нурушева жастардың табиғатты қорғау бастамаларына белсенді қатысуының маңызын атап өтті.

«Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғи ресурстарды сақтау – баршамызға ортақ міндет. Табиғатқа жанашырлықпен қарау әрбір азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы тиіс», – деді ол.

Ал университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің бас маманы Дәурен Оразалин экологиялық жауапкершілікті жастар тәрбиесінің маңызды бағыты ретінде атап өтті.

«Бүгінгі макулатура жинау бастамасы студенттердің экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтынын және қоршаған ортаны қорғауға нақты үлес қосуға дайын екенін көрсетеді. Біздің мақсатымыз – экологиялық саналы, табиғатқа жанашырлықпен қарайтын және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін белсенді жастарды тәрбиелеу», – деді Дәурен Оразалин.

Кездесу аясында студенттер арасында макулатура жинау акциясы да ұйымдастырылды. Бастама қағаз қалдықтарын қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыруға және табиғи ресурстарды үнемдеудің маңызын тәжірибе жүзінде көрсетуге бағытталды.

Экологиялық мәдениет сөзбен емес, әрекетпен қалыптасады. Таза болашақ – бүгінгі жауапкершіліктің нәтижесі.