Басты бет > Жаңалықтар > Жұбанов университеті кәсіби бағдар беру бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
4
Жұбанов университеті кәсіби бағдар беру бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Білім беру саласындағы серіктестікті нығайту, кәсіби бағдар беру тәжірибесін жетілдіру және жаңа мүмкіндіктерге жол ашу – жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің өкілдері Астана қаласында өткен XV NIS Conference 2026 халықаралық конференциясында университет тәжірибесін ұсынып, білім беру саласындағы бірлескен бастамаларды талқылады.

Конференцияға университет атынан Қабылдау және мансапты дамыту департаментінің директоры Әміре Жұмағазиев пен Қосымша білім беру департаментінің директоры Жадыра Мұзбаева қатысты.

Ашық диалог барысында жоғары оқу орындарының өкілдері НЗМ түлектерінің білім алу мүмкіндіктерін, мектеппен бірлескен жобаларды, оқу нәтижелерін тану және кәсіби бағдар беру мәселелерін талқылады.

Жадыра Мұзбаева Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Үйрен-бөліс» жобасын таныстырды. Жоба болашақ педагогтерге мектеп базасында үздіксіз педагогикалық практикадан өтуге мүмкіндік береді. Бастама конференция қатысушыларының қызығушылығын тудырды.

Ал Әміре Жұмағазиев белгіленген талаптарға сәйкес келетін НЗМ түлектерінің Heriot-Watt халықаралық кампусының 2-курсына қабылдау конкурсына қатысу мүмкіндіктері туралы баяндады. Сонымен қатар университет базасында өткен облыстық және республикалық кәсіби бағдар беру форумдарының тәжірибесімен бөлісті.

Кездесу қорытындысында Жұбанов университеті мен Қазақстанның кәсіби бағдар берушілер қауымдастығы 2026 жылы кәсіби бағдар мамандарына арналған бірлескен форум өткізуге келісті.