Басты бет > Жаңалықтар > IT жобалар көрмесі: болашаққа қадам
4
IT жобалар көрмесі: болашаққа қадам

10 қараша – Цифрландыру күніне орай Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде білім алушылардың инновациялық IT жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.

Көрменің негізгі мақсаты – студенттердің цифрлық және технологиялық құзыреттерін дамыту, IT саласындағы әлеуетін таныту және теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беру. Сонымен қатар жастарды жасанды интеллект, робототехника және өзге де заманауи технологияларды меңгеруге, оларды нақты мәселелерді шешуде тиімді пайдалануға ынталандыру көзделді.

Көрме барысында студенттер робототехника, заттар интернеті (IoT), жасанды интеллект және стартап бағыттары бойынша әзірлеген жобаларын ұсынды. Қатысушылар өз жұмыстарының мүмкіндіктерін көрсетіп, олардың практикалық қолданысын таныстырды. Мұндай бастамалар жастардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың технологияны тұтынушыдан жаңа өнімдер мен инновациялық шешімдер әзірлей алатын білікті маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді.