Жұбанов университетінде түркиялық профессордың қонақ дәрісі өтті
Бүгін Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Эскишехир Османгази университетінің Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеті Түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Ердоған Боздың қонақ дәрісі өтті.
«Қазақ және түрік тілдерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтары» тақырыбындағы дәріс туыстас екі тілдің салыстырмалы зерттелуіне арналды. Кездесу барысында тілдердің ортақ белгілері, лексикалық және грамматикалық ерекшеліктері, сондай-ақ тарихи даму заңдылықтары сөз болды.
Профессор Ердоған Боздың ғылыми зерттеу бағыттары түрік тілінің тарихын, тіл білімін, лексикографияны және тіл философиясын қамтиды. Соңғы жылдары ғалым қазақ тілін зерттеуге де ерекше көңіл бөліп келеді.
Ақтөбеге алғаш рет табан тіреген ғалым қалаға сапары барысында университет тарихымен де танысты. Ол университетке есімі берілген көрнекті қазақ ғалымы Құдайберген Жұбановтың ғылыми еңбектерімен жақсы таныс екенін атап өтті.
Шетелдік ғалымның сапары ғылыми білім алмасумен қатар, университеттер арасындағы академиялық байланысты нығайтуды көздейді. Кездесу аясында алдағы ғылыми ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және түркі тілдерін зерттеу бағытындағы бірлескен жұмыстарды дамыту мәселелері талқыланды.
Қонақ дәрісіне бұған дейін Түркияда білім алған және түрік тілін меңгеріп жүрген студенттер ерекше қызығушылық танытты. Дәріс соңында сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, білім алушылар профессорға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Мұндай академиялық кездесулер болашақ филологтердің кәсіби көкжиегін кеңейтіп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстан мен Түркия арасындағы академиялық байланыстарды тереңдетуге мүмкіндік береді.