Басты бет > Жаңалықтар > Білім сапасы санмен ғана өлшенбейді: ғалымдар мен педагогтер шешім іздеді
4
Білім сапасы санмен ғана өлшенбейді: ғалымдар мен педагогтер шешім іздеді

Оқушының білім сапасын бағалауда жоғары көрсеткішке қол жеткізу ғана емес, алған білімін күнделікті өмірде қолдана білуі де маңызды. Осы мәселе 13 қарашада өткен орта білім беру сапасын арттыруға арналған стратегиялық сессияның негізгі өзегіне айналды.

Басқосуға мектеп басшылары, педагогтер, әдіскерлер, университет ғалымдары мен білім саласының сарапшылары қатысып, PISA халықаралық зерттеуінің нәтижелерін саралады. Негізгі назар білім сапасына әсер ететін факторларды анықтауға, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға және педагог даярлау жүйесін жетілдіруге аударылды.

Талқылауда Қазақстан оқушыларының жаратылыстану-ғылыми сауаттылығы – 420, математикалық сауаттылығы – 414, оқу сауаттылығы 385 балды құрағаны атап өтілді. Бұл көрсеткіштер білім алушылардың теориялық білімін тәжірибеде қолдану дағдыларын дамыту қажеттігін көрсетеді.

Стратегиялық сессия екі бағытты қамтыды. PISA Insight: Problems аясында білім нәтижелеріне әсер ететін мәселелер мен олардың себептері талданса, PISA Impact: Solutions бағытында нақты шешу жолдары қарастырылды.

Қатысушылар «Көрсеткіштердің ар жағында», «Көрінетін және көрінбейтін кедергілер», «Педагог даярлауға сыни көзқарас» секцияларында жұмыс істеп, өз ұсыныстарын пленарлық отырыстар мен постерлік конференцияларда ортаға салды.

Сессия қорытындысында мектептер мен университет арасындағы ынтымақтастықты нығайту, педагогтерге ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету және оқушылардың функционалдық сауаттылығын жүйелі дамытуға бағытталған ортақ резолюция қабылданды.

Басты назар халықаралық зерттеу көрсеткіштерін талдаумен шектелмей, оның нәтижелерін білім беру тәжірибесін жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстарға айналдыруға аударылды.