Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне жаңа ректор тағайындалды
16 қарашада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен Гүлзат Ізбасарқызы Көбенова Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – ректоры болып тағайындалып, оқу орнының ұжымына ресми түрде таныстырылды.
Гүлзат Көбенова – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, жоғары білім беру жүйесі мен мемлекеттік басқару саласында көпжылдық тәжірибесі бар маман. Еңбек жолын 1998 жылы жоғары оқу орнының оқытушысы болып бастаған. Кейін білім беру және мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар жауапты қызметтерді атқарды.
2019–2023 жылдары білім және ғылым саласындағы бақылау мен сапаны қамтамасыз ету комитеттеріне жетекшілік етті. 2023–2025 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы, ал 2025 жылдың маусымынан 2026 жылдың қарашасына дейін Ғылым және жоғары білім вице-министрі лауазымында болды.
Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Мадияр Қожахмет Гүлзат Көбенованың бұған дейін министрлікте бірқатар жауапты басшылық қызметтер атқарғанын, енді өзі білім алған университетке басшылық ету үшін туған өңіріне оралғанын атап өтті. Ол Жұбанов университетінің Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде лайықты орны бар екенін, соңғы жылдардағы жетістіктер ұжымда қалыптасқан жүйелі жұмыс пен академиялық дәстүрлердің нәтижесі екенін жеткізді.
– Жұбанов университеті – тек біздің өңірдің ғана емес, бүкіл еліміздің беделді жоғары оқу орындарының бірі. Соңғы жылдары оқу орны айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, жоғары білім беру жүйесінің көшбасшылары қатарына сенімді түрде енді. Гүлзат Ізбасарқызының кәсіби тәжірибесі, жоғары біліктілігі мен басқарушылық құзыреттілігі қол жеткізілген нәтижелерді сақтап қана қоймай, университетті жаңа белестерге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов те өз сөзінде Жұбанов университетінің өңірдің жоғары білім беру жүйесін дамытудағы маңызды рөліне тоқталды. Ол оқу орнының соңғы жылдардағы жетістіктеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, ғылымды қаржыландыру көлемі 2021 жылғы 160 миллион теңгеден 2025 жылы 2,1 миллиард теңгеге дейін өсті. Өңір жастарына халықаралық деңгейде білім алуға мүмкіндік берген британиялық Heriot-Watt университетінің халықаралық кампусының ашылуы маңызды кезең болды. Сонымен қатар, университет ғалымдарының өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірлескен жобалары нақты нәтиже бере бастады.
Ғалымжан Елеуов бұл жетістіктердің артында бүкіл университет ұжымының ерен еңбегі тұрғанын атап өтіп, жаңа басшылықтың алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындады.
– Бүгін университетті басқаруда жаңа кезең басталады, – деді облыс әкімінің орынбасары. – Жаңа ректордың алдында қол жеткізілген нәтижелерді сақтап қана қоймай, университеттің ғылыми және академиялық әлеуетін одан әрі нығайту міндеті тұр. Біз үшін ең бастысы – университетті өңірдің қажеттіліктеріне сәйкес дамыту. Ақтөбе облысына өнеркәсіп пен экономиканың түрлі салалары үшін білікті инженерлер, педагогтер, мамандар қажет, сондықтан білім, ғылым және өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайту алдағы жұмыстың басты бағыттарының бірі болуы тиіс.
Ғалымжан Елеуов облыс әкімдігінің өңірді дамытуға бағытталған университет бастамаларын қолдауға дайын екенін білдіріп, жаңа ректордың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Өз кезегінде жаңа ректор Гүлзат Көбенова көрсетілген сенім үшін ел басшылығына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке алғысын білдірді. Ол өзі білім алған университетке ректор болып тағайындалуының ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Бүгін мен үшін ерекше күн, – деп бастады сөзін оқу орнының жаңа басшысы. – Бұл – тарихы бай, индустриялық-экономикалық әлеуеті жоғары туған жерге оралу. Сонымен қатар, туған өлкеге оралу – үлкен жауапкершілік. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті – менің білім алып, кәсіби жолымды бастаған алтын ұям (alma mater). Осы жылдар бойы туған университетіммен байланысымды үзген емеспін, сондықтан мұнда оралу мен үшін үлкен мәртебе ғана емес, орасан зор жауапкершілік.
Оқу орнының алдағы даму перспективалары туралы айта келе, жаңа ректор заманауи университет сапалы білім беріп қана қоймай, ғылымның, инновациялардың, жаңа технологиялардың дамуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпал ететін зияткерлік орталық болуы тиіс екенін баса айтты.
Ол басым міндеттер қатарында университеттің ғылыми және білім беру әлеуетін нығайтуды, мамандар даярлау сапасын арттыруды, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді және Heriot-Watt University жобасын одан әрі дамытуды атады.
– Университеттің бүгінгі биіктерге жетуіне еңбек сіңірген бірнеше буын ғалымдарға, оқытушыларға, қызметкерлер мен басшыларға шексіз алғысымды білдіремін. Жинақталған тәжірибеге сүйене отырып, күш-жігерімізді біріктіру арқылы біз университеттің беделін нығайтып, оны ұлттық деңгейге көтере алатынымызға және халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігінде мойындалған өңірлік дамудың жетекші зияткерлік орталықтарының біріне айналдыратынымызға сенімдімін, – деп түйіндеді ректор.
Сөз соңында Гүлзат Көбенова университеттің болашағы бүкіл ұжымның бірлескен еңбегіне, жауапкершілігі мен ауызбіршілігіне байланысты екенін атап өтті.