Университетте, оның ішінде университет ішінде және бір ЖОО-дан екіншісіне білім алушыларды ауыстыру және қайта қабылдау академиялық күнтізбеге сәйкес қысқы және жазғы каникул кезеңінде жүзеге асырылады.
Егер білім алушыларда бірінші академиялық кезеңі толық аяқталған болса, оқудан шығарылғаннан кейін қайта қабылдана алады немесе ауыса алады. Бұл ретте ауысатын курсына академиялық қарызы бар білім алушылар бір ЖОО-дан екіншісіне, бір білім беру бағдарламасынан екіншісіне ауыса алмайды.
Білім алушыларды ауыстыру немесе қайта қабылдау кезінде академиялық айырмашылықты оқытылған пәндер тізбесі негізінде факультет жанындағы комиссиялар тіркеу офисімен бірлесіп айқындайды, пән айырмашылығы бакалавриат үшін бітіру курсынан (0 кредит) басқа 24 кредиттен (ECTS), магистратура үшін 10 кредиттен (ECTS), университет базасындағы Хериот-Уатт университетінің білім алушылары үшін 30 кредиттен (ECTS) аспауы тиіс.
Ауысу және қайта қабылдау кезінде одан әрі оқыту курсы пререквизиттерді ескере отырып анықталады.
Білім алушылар ұлттық бірыңғай тестілеуден (бұдан әрі – ҰБТ), кешенді тестілеуден (бұдан әрі - КТ) өтіп, нәтижелері бойынша университет белгіленген шекті балдан төмен емес балл жинаған жағдайда ауысады және қайта қабылдана алады.
Университет базасындағы Хериот-Уатт университетіне ауысу немесе қайта қабылдау үшін ҰБТ сертификатынан басқа, жалпыеуропалық құзыреттерге (стандарттарға) сәйкес ағылшын тілін меңгергенін растайтын халықаралық IELTS сертификаты (шекті балл – кемінде 6.0) тапсырылады.
Шетелдік білім беру ұйымынан немесе қазақстандық жоғары оқу орындарынан бакалавриат (бірінші жоғары білім) білім алушылары, сәйкес бейіндік пәндері және белгіленген шекті балы бар ҰБТ сертификаты (оқуға түсу сәтінде және оқу кезеңінде) болмаған жағдайда ауыса алмайды немесе қайта қабылдана алмайды.
Сонымен қатар, магистратура оқу деңгейі бойынша кешенді тестілеу сертификаты жоқ білім алушылар университетке ауыса алмайды немесе қайта қабылдана алмайды.
Білім алушыны «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы білім беру бағдарламаларының тобына ауыстыру және қайта қабылдау Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (оқыту тілі) және екі бейіндік пән бойынша ҰБТ тапсырған кезде және нәтижелер бойынша белгіленген шекті балдан төмен емес балл жинаған кезде жүзеге асырылады.
«Құқық» саласы бойынша білім беру бағдарламаларының тобына білім алушыны ауыстыру және қайта қабылдау ҰБТ-дан сәтті өткенде және нәтижелері бойынша белгіленген шекті балдан төмен емес балл жинаған жағдайда жүзеге асырылады.
Білім алушыны:
- шығармашылық ББ-дан басқа ББ-ға ауыстыру немесе қайта қабылдау ҰБТ-дан екі бейіндік пән бойынша сәтті өткенде және нәтижелері бойынша белгіленген шекті балдан төмен емес балл жинаған жағдайда жүзеге асырылады;
- басқа ББ-дан шығармашылық ББ-ға ауыстыру немесе қайта қабылдау белгіленген шекті балмен шығармашылық емтиханнан сәтті өткен жағдайда жүзеге асырылады, шығармашылық емтиханды кафедралардағы қабылдау комиссиясы үшін құрылған комиссиялар қабылдау қағидаларына сәйкес өткізеді.
«В005-Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» және «В031-Сән, дизайн» білім беру бағдарламаларының тобы үшін «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша ҰБТ сертификатында жалпы 20 балдан кем болмауы қажет.
Білім беру гранты бойынша оқитын білім алушылар білім беру грантын сақтай отырып, бір білім беру тобының ішіндегі білім беру бағдарламаларына ауыса алады.
Білім беру гранты бойынша білім алушылар өз еркімен білім беру грантын сақтай отырып, басқа университетке ауыстырылады.
Жекелеген ЖОО-лар үшін бекітілген білім беру гранттары бойынша, сондай-ақ бөлінген квота негізінде педагогикалық мамандықтарға түскен білім алушылар басқа ЖОО-ға ақылы негізде ауыстырылады.