Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тарихы 1935 жылдан бастау алады. Сол жылдың 1 қаңтарында ашылған мұғалімдер институтында алғашында физика, математика және тарих бөлімдері жұмыс істеді. Ал 1966-1967 оқу жылында «Ақтөбе педагогикалық институты» атауымен қайта ашылған оқу орны физика-математика және филология факультеттері бойынша 350 студентті қабылдады. Осылайша, өңірдегі педагог кадрларды даярлау ісі жаңа сапалық кезеңге аяқ басты.
Филология факультетінің алғашқы деканы болып доцент Илья Яковлевич Сулковский тағайындалды. 1966 жылы филология факультеті аясында «Орыс тілі мен әдебиеті» және «Орыс және шетел әдебиеті» кафедралары құрылды. Кейін бұл құрылым 1983 жылы ашылған «Ұлт мектептеріндегі орыс тілі» кафедрасымен толықты. Ал 1997 жылы аталған үш кафедра біріктіріліп, жаңартылған құрылымда өз жұмысын жалғастырды.
1989 жылы «Қазақ және шетел тілдері факультеті» аясында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы ашылып, алғашқы студенттер қабылданды. Уақыт өте келе, 1991 жылы студент саны артып, «Қазақ филологиясы» факультеті өз алдына жеке құрылым ретінде бөлініп шықты. Кейінгі жылдары филологиялық бағыттағы мамандықтар бір арнаға тоғыстырылып, бүгінгі филология факультеті ретінде қайта құрылды.
Факультет тарихында әр кезеңде басшылық қызмет атқарған білікті ғалымдар мен тәжірибелі педагогтардың қосқан үлесі ерекше. Әр жылдары факультет деканы қызметін доценттер А.П.Ермолина, Ю.М.Кушнер, Э.С.Афанасьев, А.М.Молдаханов, А.Ш.Пангереев, аға оқытушылар А.П.Антипова, Р.Б.Куспаева, сондай-ақ доценттер М.Ж.Карашулакова, Н.М.Байганина, А.С.Нурадинов, С.Ж.Бермағамбетов, Н.М.Алдашев, С.С.Мұхтаров, К.К.Садирова, Г.Т.Шоқым абыроймен атқарып, факультеттің іргесін нығайтуға сүбелі үлес қосты. Қазіргі уақытта факультетке тың серпінмен, жаңашыл көзқараспен ерекшеленетін басшы Б.Б.Ертлеуова жетекшілік етеді.
Факультеттің құрылымдық негізін құрайтын кафедралардың қызметі мен оларды басқарған басшылардың еңбегі де факультет өрісін кеңейтуге зор ықпал етті.
Факультет құрылымындағы «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» кафедраларының қалыптасуы мен даму жолында кафедра меңгерушісі қызметін әр жылдары Ж.Н.Нұржанова, Ә.М.Молдаханов, Н.Ж.Құрманова, Е.Қ.Жұбанов, Н.М.Алдашев, Б.Ж.Құрманова, Н.А.Сәдуақас, Ж.О.Тектіғұл, К.Қ.Садирова, Ж.С.Сұлтанғалиева, Б.С.Қарағұлова, А.С.Кушкимбаева, Г.К.Тәңірбергенова, Н.К.Құлтанбаева сынды тәжірибелі мамандар абыроймен атқарып, кафедраның нығаюына сүбелі үлес қосты.
«Орыс филологиясы және мәдениетаралық коммуникация» деп аталатын кафедраны әр кезеңде доценттер В.Н.Смирнова, И.Я.Сулковский, Э.С.Афанасьев, Н.В.Адорова, П.И.Циммерман, К.Б.Уразаева, Е.А.Жигарева, аға оқытушылар К.Т.Кринова, Л.Е.Тегай, А.Н.Новосёлева, Г.А.Шаповалова, З.Т.Маушова, ғылым кандидаттары В.А.Щербакова, Л.И.Обакова, Л.И.Губанова, А.Ш.Аймағамбетова, М.Ж.Карашулакова, Л.А.Кашина, Г.И.Унгарбаева, И.И.Свиридова, Э.Т.Идирисовалар басқарды.
Бүгінде факультет құрамында үш кафедра жұмыс істейді:
• Теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасы (меңгерушісі – Ш.Г.Әбдірова, PhD);
• Қазақ әдебиеті кафедрасы (меңгерушісі – Г.С.Обаева, PhD);
• Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасы (меңгерушісі – Н.У. Абдуллина, PhD).
Филология – бұл тек ғылым саласы ғана емес, ол – ұлттың болмысымен, дүниетанымымен, мәдениетімен және рухани құндылықтарымен тығыз байланысты іргелі білім өрісі. Осы саладағы білім мен ғылымның ілгерілеуі – бірнеше буын ғалымдары мен ағартушылардың тынымсыз еңбегінің, тарихи сабақтастық пен рухани мұраны қадірлеудің айғағы.
Филология факультеті – бүгінгі жаңғыру мен ғылыми сабақтастықтың ордасы
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Филология факультеті – заманауи білім беру үдерістеріне бейімделген, инновациялық бағыттағы іргелі құрылым. Бүгінде факультет аясында Педагогикалық ғылымдар, Өнер және Гуманитарлық ғылымдар салалары бойынша бірнеше білім беру бағыты үйлестіріліп, біртұтас жүйе қалыптастырылған.
Факультет құрамында жоғары ғылыми әлеуетке ие 60-тан астам профессор-оқытушы еңбек етеді. Олардың қатарында ғылым докторлары мен PhD докторлар, доценттер мен тәжірибелі педагогтар, жас ғалымдар мен зерттеушілер бар. Бұл кәсіби ұжым білім мен ғылымды үйлестіре отырып, болашақ филологтарды сапалы даярлап, жас буынға бағыт-бағдар беріп келеді.
Бірнеше буын өкілдерінің білім ордасы саналатын факультетте:
– филологиялық ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан ардагер ұстаздар,
– отандық білім мен ғылым көшбасшылары – кафедра меңгерушілері мен доценттер,
– ізденісімен ерекшеленетін жас ғалымдар мен зерттеушілер бірлесе еңбек етеді.
Факультет өз тарихындағы үздік дәстүрлер мен ғылыми сабақтастықты сақтай отырып, бүгінгі заман талаптарына сай ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, академиялық ұтқырлық пен халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді.
Қазіргі таңда факультетте 5 бакалавриат, 3 магистратура және 1 докторантура бағдарламасы бойынша болашақ мамандар даярланады. Барлық кафедралар ғылым мен тәжірибені тиімді сабақтастырып, білім алушылардың кәсіби қалыптасуы мен интеллектуалдық дамуына кең мүмкіндіктер ұсынып отыр.
Филология факультетінің ғылыми беделін айқындайтын құрылымдардың бірі – 8D02304 «Филология» білім беру бағдарламасы бойынша құрылған диссертациялық кеңес. Аталған кеңес шеңберінде PhD докторанттардың зерттеу еңбектері сәтті қорғалып, отандық ғылым кеңістігіне тың серпін әкеліп, сапалы ғылыми нәтижелермен толығып отыр.
Кеңес құрамына ғылыми танымы терең, тәжірибесі мол отандық және шетелдік жетекші ғалымдар тартылған. Жұмысының жүйелілігімен ерекшеленетін бұл кеңес факультеттің ғылыми әлеуеті мен берік қалыптасқан академиялық дәстүрінің жарқын көрінісі болып табылады.
Филология факультеті – бұл тек білім мен ғылымның ғана емес, ұлттың рухани дүниесі мен мәдени қазынасының шынайы ұйытқысы. Мұнда тіл арқылы тарих пен тағылым, әдебиет арқылы сана мен сезім сабақтасады. Ғылыми ой мен шығармашылық ізденіс тоғысқан осы ортада ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, уақытпен бірге жаңғырып келе жатқан білім дәстүрі сақталған. Өткеннің тәжірибесі мен бүгіннің жаңашылдығын ұштастыра отырып, факультет қазақ филологиясының ғана емес, тұтас ұлттық гуманитарлық білімнің өрісі мен абыройын биіктетіп келеді.
Филология факультеті – бұл болмысты тануға бағытталған ой кеңістігі, тіл мен руханиятты жалғайтын өмір мектебі.